Олар қисық жолды туралықпен айырбастап алды (Уаһабилер жайында )
Олар қисық жолды туралықпен айырбастап алды (Уаһабилер жайында )

Күнімізде ел арасында "Сәләфилік-Уаһабилер" деген атаумен  үлкен танымалдылыққа ие болған ислам дінін жамылған кереағар діни ағымның жетегінде жүрген азаматтарымыз жайында сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Олар өз араларында саяси позицияға байланысты түрлі топтарға (сурури, мадхали, тәкфири) бөлінгенімен сенім (ақида) мәселелерінде бірдей ұстанымды ұстанады. Біз оларды айыптап, жамандамаймыз және кәпірге шығармаймыз. Адасып жүрген мұсылман ретінде аяушылық танытып тура жолға шақырамыз. Сондай-ақ дәлел ретінде Құраннан келтірілген аяттарды тікелей соларға (Уаһабилерге) арнап түсірілген дегеннен аулақпыз.(бірақ келтірілген аяттарды оқи отырып еріксіз есіңе Уаһабилер түсетіні рас)

Бүгінгі күнде өздерін  ізгілердің (сәләфиміз) жолында жүрміз деп есептейтін бұл топтың өкілдері шариғаттан тым алыстап кеткен. Олардың жаңа буындары діндегі қарапайым ұғымдарды иман мен ихсанды, ақида  мен фикх мектептерін айыра білмейді. Тіпті кейбіреулері (басым бөлігі) құран оқып, хадис жайлы ілім алмақ түгілі қазақ тіліндегі діни кітаптарды оқымайды. Олардың иек артып амал етуге итермелейтін негізгі күші аудио нұсқадағы уәһабилік ұстаздарының уағызы.  Ұстаздары үйреткен үйретінді  арқылы ел арасында кез келген нәрсеге діни "дәлел" сұрап іріткі салудан жалықпайды. Өздері айтқан сөзге "дәлел" сұрасаң "солай деген", "солай естідім" дегеннен әрі аса алмайды. Бұлардың мысалы Мұса қауымындағы мұнафықтардың оқиғасына қатты ұқсайды. Олар жайлы Бақара сүресінің 78 аятында былай дейді.
 
وَمِنْهُمْ أُمِّيُّونَ لَا يَعْلَمُونَ الْكِتَابَ إِلَّا أَمَانِيَّ وَإِنْ هُمْ إِلَّا يَظُنُّونَ'
Олардың ішінде надандары да бар. Кітапты білмейді. Олар тек қана үйретіндіні және бос ойларды ғана ойлайды.
 
Шын мәнінде уаһабия ілімін ұстанатын жастарымыздың басым бөлігі кітап оқып жүйелі білім алуға жұғымсыз келеді. Теріс ағымды насихаттайтын ұстаздарының берген пәтуасымен жүріп тұруға бейім , өздігінен ой жүгіртіп, білмегенін мойындауды жөн көрмейді, және өздерін тура жолда жүрген түзетушілер ретінде санайды  Басты ұстанымы Матуруди сеніміндегі жамағатпен таласып, тіпті күшпен болсада оларды жеңуді өздеріне мақсат етіп алған. Сондай-ақ мұсылмандар арасында бүлік шығарып бұзақылық қылуды әдетке айналдырғылары келеді. Мұндай жамағат адамзат тарихында бұрында болған және қазірде барға ұқсайды. Олар туралы қасиетті Құранда  былай сыйпаттап өткен (Бақара 11-12)
 
وَإِذَا قِيلَ لَهُمْ لَا تُفْسِدُوا فِي الْأَرْضِ قَالُوا إِنَّمَا نَحْنُ مُصْلِحُونَ.   
Оларға: «Жер жүзінде бұзақылық қылмаңдар!»,- делінсе, олар: «Біздер түзеуші ғанамыз» дейді
أَلَا إِنَّهُمْ هُمُ الْمُفْسِدُونَ وَلَٰكِنْ لَا يَشْعُرُونَ.  
Сақ болыңдар! Шын мәнінде олардың өздері бұзақы, алайда олар түсінбейді.
 
Қауіптісі қоғамда бүлік тудырып ел арасында жаһилдер, кәпірлер деп жікке бөліп қазақтың дәстүріне шүйлігіп келіннің сәлем салуын ширкке, ата баба әруағына ас беруді бидғатқа шығарған бұл топ ұлттық болмысымызды жоққа шығарғылары келеді. Оларға ата-баба жолы, дәстүрлі ислам, Әбу Ханифа мазһабы деген қазақтың ұлт болып қалыптасуына ықпал еткен ұғымдар түкке тұрғысыз болып көрінеді. Әхлі Сүннә ғұламалары мойындаған құқықтық төрт мазһаптың ең үлкені, әрі қалған үш мазһабтың негізін салған ғалымдардың (Шафи, Малики) құрметіне бөленген Әбу Ханифаны адасушы деп айыптаудан қымсынбайды.  Оларды дәстүрімізбен ислам шариғатын үйлестіре білген ата-бабамыздың жолын ұстануға шақырсақ тарихты теріске шығарып "олар адасқандар, ақылсыздар, надандар"  деп тіл тигізеді. Осындай тәкәппарлықтары Құранның мына бір аятына өте ұқсас келеді.  (Бақара 13)
 
وَإِذَا قِيلَ لَهُمْ آمِنُوا كَمَا آمَنَ النَّاسُ قَالُوا أَنُؤْمِنُ كَمَا آمَنَ السُّفَهَاءُ ۗ أَلَا إِنَّهُمْ هُمُ السُّفَهَاءُ وَلَٰكِنْ لَا يَعْلَمُونَ
 Егер оларға: «Адамдар иман келтіргендей иман келтіріңдер!», – делінсе, олар: «Ақылсыздарша иман келтірейік пе?»,- дер. Байқаңдар! Шын мәнінде олардың өздері ақымақ. Бірақ олар білмейді.
 
Тіпті оларды тура жолға шақыру мақсатында кейбір талас-тартыс мәселесінде өздері иман етіп иланып жүрген Құранмен, хадистен дәлел әкелгеннің өзінде қасарысып өз айтқандарынан қайтпайды. Мұндай тәкәппар дін дұшпандары жайлы Бақара сүресінде (18 аят)
 
صُمٌّ بُكْمٌ عُمْيٌ فَهُمْ لَا يَرْجِعُونَ. "
Саңырау, сақау және соқыр болып бетінен қайтпайды" - деп дәл сыйпаттап өтеді.
 
Расында кімнің тура, кімнің адасушы екені тек Аллаға аян. Біз мұсылмандардың бөлінуін қаламаймыз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед сғс мұсылмандарды тек бірлікке, бір үммет болуға шақырды. Жамандықтан, фитнәдән, жазықсыз кісі өлтіруден тыйады. Мұсылманшылықты көркем түрде, сөзбен және іспен дәлелдеуге бұйырады. Алла алдында әркім өз  амалының тұтқыны болатынын ескерсек Біз тек амал етушілерден ғанамыз (сауабын Алла береді). Алладан иман сұрай отырып еліміздің амандығын тілейміз. 
                                                                                                                                                   Марат Қайратұлы
 

 

Мұсылман, ислам, Құран, дін мен дәстүр, сәләфилер, қазақ дәстүрі, уаһабилер, вахабиты, адасқандар, ислам құндылықтары, салафиты
Марат ҚайратұлыМарат Қайратұлы
2 жыл бұрын 1345
0 пікір
Блог туралы